Қызылордалық кәсіпкер: «Мемлекеттік қолдаудың арқасында өнім өндіру көлемі бес есеге артты»
Бүгінгі кейіпкеріміз өткен жылы ғана айына 3 мың тәтті тоқаш пісірсе, бүгінде ең кемі 15-16 мыңнан астам нан өнімдерін тұтынушыларына ұсынуда. Кәсіп иесі бұл көрсеткішке кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдаудың, яғни «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан жеңілдікпен алған несиенің арқасында жеттім деп отыр.
Қызылордалық Лаура Ұзақова 4 баланың анасы. Негізгі мамандығы химия пәнінің мұғалімі. Бала күтіміне байланысты уақытша демалысқа шыққаннан кейін мамандығы бойынша қайта жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Осы кезде декретте отырғанда енесінен үйренген ісі табыс көзіне айналдыруға сеп болады.
«Жолдасымның анасы Жұмакүл Арынғазиева 40 жыл наубайханада жұмыс істеген. Тәжірибелі маман. Ол кісінің қолынан шыққан нан өнімдерін жақын маңдағы дүкендер алып тұратын. Жанында жүріп тәтті тоқаш пісіруді үйреніп алдым. Жұмыссыз қалғанда анамыздан үйренген істі кәсіпке айналдыруды ойластырдым», — дейді Лаура Ұзақова.
Жас кәсіпкер алғашында отбасының қаржысына алынған екі секциялы пешпен ісін бастайды.
«Нан өнімдерінің ішінде тәтті тоқашымызда сұраныс жоғары болды. Айына 3000 тоқаштай пісіріп, шағын дүкендерге жеткізіп беріп жүрдік. Өнімімізге сұраныс артты. Алайда бір пешпен үлгермейтініміз белгілі болды. Осылайша кәсіпті кеңейту керек, бірақ оған қаржыны қайдан табамыз деп жүргенде спорт секциясына балаларды тасып жүрген жолдасым ата-аналардың бірінен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы жайлы естіп, үйге айтып келді», — дейді жас кәсіпкер.
Өңірлік орталықтың жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға арналғанын білгеннен кейін бағдарламаларымен танысып, өтінім береді. Кәсіпті кеңейтуге Орталық арқылы биыл мамырда 6,5 млн теңге жеңілдетілген несие алады.
«Бұл қаржыға төрт секциялы екі пеш, екі жұмыс үстелін, нан өнімдеріне арналған сөрелер, қалыптар, өзге де қажет құрал-жабдықтар алдық. Енді тиімділігін айтайын, өнім көлемі бірден артты. Бұрын айына ең көбі 3500 тоқаш шығарып жүрсек, қазір кәсіпті кеңейткеннен кейін 15-16 мың тоқаш пісіріп жатырмыз. Негізгі тұтынушыларымыз үлкен дүкендер. Жұмыс қолы жетпей жатыр. Сол үшін жақында 3 адамды жұмысқа аламыз», — дейді Лайра Ұзақова.
Айта кеткен жөн, тамақ өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге тамаша мүмкіндік жасалуда. Қызылорда қаласындағы Сол жағалаудан ашылып жатқан өндірістік аймақта орналасатын кәсіпкерлер кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарға «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдікпен 3 пайызбен несие ала алады.
Ағымдағы жылы қала көлемінде тіркелген кәсіпкерлердің саны 35 102 (01.06.24 жыл – 33 599 бірлік) бірлікке жетіп, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандар үлесі 95,5%-ды немесе 33 519 бірлікті (01.06.24жыл – 31 425 бірлік) құрады.
Кәсіпкерлік секторында жұмыспен қамтылғандар саны 69 857 адамға жетті. Сондай-ақ, 721 млрд. 913 млн. теңгеге өнім өндіріліп, өсім 38,4%-ды (200 млрд. 228млн) құрады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында бөлшек сауданың нақты көлем индексі 103,9%-ды (167 млрд. 581 млн. теңге),көтерме сауда 106,5%-ды 102 млрд. 980 млн. теңге) көрсетті.
5 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 217 млрд 743 млн. теңгені (89,1%), құрап, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 38 млрд 117 млн. теңгеге(107,5%) жетті.
Негізіге капиталға тартылған инвестициякөлемі 124 млрд. 217 млн. теңгеге жетіп,өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 36,5%-ды құрады. Қазіргі уақытта, ағымдағы жылға жоспарланған жылдық меженің 38,4%-ы орындалды (меже 323,7 млрд. теңге).
Тартылған инвестициялардың нәтижесінде қалада биыл жалпы құны 233,6 млрд. теңгені құрайтын 13инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы көзделуде.