БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ МАЗМҰНДЫ ӨТУІ ТИІС

Балалар үшін жаз – тек демалыс мезгілі ғана емес, таным мен тәрбиені қатар алып жүретін қуанышты кезең. Осы орайда Қызылорда облысында балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қызықты ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биылғы маусымда облыстың Арал, Қазалы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарында орналасқан тынығу лагерьлері өз жұмысын белсенді жүргізіп жатыр.

Қазіргі таңда бесінші ауысымда 900-ден астам оқушы тынығып, жаздың шуақты күндерін көтеріңкі көңіл күймен өткізуде. Балаларға қауіпсіз, қолайлы жағдай жасалып, демалыстары толыққанды әрі пайдалы өтуіне бар мүмкіндік қарастырылған.

Жазғы демалыс “Сыр Camp” жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Жоба шеңберінде оқушылар аймақтың тарихи-мәдени орындарына саяхат жасап, туған өлкенің құндылықтарымен терең танысуда. Бұл олардың патриоттық сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруда үлкен рөл атқаруда.

Лагерь бағдарламасы жан-жақты: балалар спорттық сайыстарға қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, зияткерлік ойындар арқылы ой-өрістерін дамытуды жалғастыруда. Әр күн – жаңа белес, әр сәт – жаңа серпін!

Сонымен қатар демалушылар салт-дәстүрге негізделген тәрбиелік шараларға қатысып, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарды ойнап, ата-баба мұрасымен етене танысып жатыр. Бұл – болашақ ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің тамаша үлгісі.

БӨЛІСУ