ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ – БАЛАНЫҢ ҚАБІЛЕТІН АШУДЫҢ КӨЗІ

Қызылорда облысында қосымша білім беру жүйелі түрде дамып, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Қазіргі таңда өңірде 65 мыңға жуық оқушы түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, қосымша біліммен қамтылған. Бұл – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік.

Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарында көркемөнер, музыка, би, театр, қолөнер, робототехника, IT, тіл үйрету, спорт және басқа да бағыттар бойынша жүздеген үйірме жұмыс істейді. Әрбір бала өз бейіміне сай бағытты таңдап, дарынын дамытып, шығармашылық әлеуетін ашып келеді.

Соңғы жылдары STEM, 3D модельдеу, аэроғарыш, бағдарламалау, робототехника секілді заман талабына сай үйірмелерге қызығушылық артып отыр. Бұл – жас ұрпақтың болашақ мамандыққа ерте бейімделіп, ғылыми-техникалық ойлауын дамытудың нақты көрінісі.

Аймақтың қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері тек өңірлік ғана емес, халықаралық деңгейде де зор жетістіктерге қол жеткізуде. Соның жарқын дәлелі – Қызылорда қаласындағы “Балбұлақ” би ансамблі. Өнер ұжымы 2025 жылы Белоруссияда өткен әйгілі “Славянский базар – 2025” халықаралық байқауында 22 топтың ішінен 1 орын иеленіп, ел мерейін үстем етті. Бұл – шығармашылық тәрбиенің жемісі мен жүйелі еңбектің айқын нәтижесі.

Қосымша білім беру ұйымдары жас жеткіншектердің өнер мен спорттағы қабілетін дамытумен қатар, олардың патриоттық сезімін, азаматтық көзқарасын қалыптастыруда үлкен үлес қосуда. Балалар түрлі жобалар мен байқауларға қатысу арқылы өзіне сенімді, мақсатшыл әрі белсенді азамат ретінде қалыптасып келеді.

Қосымша білім беру – бұл жай ғана үйірме емес, бұл – баланың өмірге бейімділігін арттырып, қабілетін шыңдайтын маңызды алаң.

БӨЛІСУ