Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыс бойынша ең жоғарғы 138 баллды Қармақшы ауданының 2 оқушы жинады. Бұл туралы Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбек брифинг барысында айтты,- деп хабарлайды Degdar-news.kz сайты.
2024 — 2025 оқу жылындағы 14 766 мектеп бітірушінің 694-і , яғни 90,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Оның ішінде: 54 түлек «Алтын белгі» және 48 түлек «Үздік аттестат» иеленді. 147 оқушы жүз және жүзден жоғары балл жинады. Нәтижесінде ауданның білім саласы облыс көлеміндегі аудандар арасында алдыңғы сапта.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2-6 жас аралығындағы балалардың 91,0 пайызы, 3-6 аралығындағы балалардың 100 пайызы қамтылған. Ауданның білімпаз өрендері Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен 22 жүлдеге ие болды.
Оқушылар арасындағы Республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне 103 оқушы қатысып, оның 49 оқушысы облыстан жүлдегер атанса, 16 оқушы Алғыс хат иеленді. Республикалық кезеңінде 4 оқушы жүлдегер атанды.
Сонымен қатар, 2025 жылы білім саласында 3 орта мектеп, 1 бөбекжай-бақшада және 5 мектеп жанындағы спорт алаңдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге барлығы облыстық бюджеттен 216,9 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, биылғы жылы ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерді түзете-дамыту, оңалту, әлеуметтік бейімдеу мақсатында«Қармақшы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудандық бюджет есебінен 25 млн. теңгеге ғимарат сатып алынып, табысталды.