А.ОҢҒАРБАЕВ: АУДАНҒА ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 1,8 ЕСЕГЕ АРТТЫ

Жыл басынан бері Арал ауданына тартылған инвестиция көлемі 16,5 млрд теңгеден асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Бұл көрсеткіш аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарын баяндады.

– Бірінші жартыжылдықта ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім тіркеліп отыр. Ауданның кірісі ағымдағы жылдың 6 айында 7,6 млрд. теңгеге орындалып, болжам 102,0 пайызға артты. Оның ішінде, өз түсімдеріміз 2,6 млрд. теңге болып, 114,4 пайызға артық орындалған. Өнеркәсіп орындары 18,2 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өсім 5,1 пайызға жетті. Оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі болып, 11,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Биыл аудан көлемінде жалпы құны 13,1 млрд. теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде «Ase Invest» ЖШС-нің «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасы мамыр айында жұмысын бастады. Жобаның құны 300 млн. теңгені құрап, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қалған 5 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. Қазіргі таңда ауданда 4 853 бірлік шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, оның 96,3 пайызы тұрақты жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалармен қаржы институттары арқылы 739,6 млн.теңгенің 56 жобасы несиелендірілді. Сондай-ақ, 114,8 млн. теңге болатын 73 жоба грантқа ие болды,- деді Аманжол Сақыпұлы.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше көңіл бөліп, нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырмалар аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына алдағы бес жыл ішінде жалпы аумағы 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары жоспарланған.

— Арал теңізі құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 млн. га құраса, оның 2,2 млн. га жері Қазақстан Республикасына тиесілі. Осыған сәйкес елімізде биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ұзақ мерзімді кешенді жоспар бекітілді. 2021 жылдан бастап, 2025 жылдың көктем мезгіліне дейін Арал теңізінің құрғаған табанындағы 790,9 мың гектарға сексеуіл көшеттері мен тұқымдары егілді. Жоспар бойынша осы жылдың күз айында 15 мың га жерге сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың га жерге тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар ел Үкіметінің және аймақ басшысының тікелей назарында екенін айта кеткен жөн. Осы мәселелер бойынша ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегация өкілдері келді. Тіпті әлемдік, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері экологиялық апат аймағында болып, теңізге деген жанашырлықтан туындаған әр бастамаға қаржылай қолдау беріп, жобаға жан бітіруге ынталы, — деді Аманжол Сақыпұлы.

БӨЛІСУ