Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Ергешбаев, Руслан Рүстемов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ауданға жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен бірге бірқатар нысандарды аралады.

Халық қалаулылары алдымен Қазалы қаласындағы аумағы 33,5 гектарды құрайтын тұрақты орман тұқымбағының жұмысымен танысты. Аталған жоба 2023 жылы Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен жүзеге асырыла бастады. Жобаны іске асыруға 414,2 млн теңге бөлінсе, техникалық базаны нығайту мақсатында қосымша 180,1 млн теңгеге арнайы техникалар сатып алынған. Бүгінгі күні тұқымбақта 45 адам тұрақты түрде еңбек етуде. Танысу барысында депутаттар тұрақты орман тұқымбағы жобасының жоғары экологиялық маңызын ерекше атап өтті. Аталған бастама Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталғаны, сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам екені айтылды.

Депутаттар мұнан кейін құрылысы қайта басталған «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымындағы Сырдария өзені арқылы өтетін Қарлан көпірінің құрылысын көрді. Бүгінгі таңда аймақ басшысының қолдауымен көпір құрылысы қайта басталып, жаңа мердігер мекеме тиісті жұмыстарды атқаруда. Халық қалаулылары Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін бұл көпірдің маңыздылығы жоғары екенін айтып, көпір құрылысының тезірек әрі сапалы аяқталуына жұмыс жасау керектігін, сонымен қатан тиісті қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

Айта кетейік, Қарлан учаскесіндегі Сырдария өзенінен өтетін бұл көпір құрылысы толық аяқталғаннан кейін Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендерінде тұратын 12 мыңға жуық халықтың қатынау мүмкіндігі жақсарып, көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдей түспек.

БӨЛІСУ