Қызылордада балық өсіруші кәсіпкерлермен ашық форматтағы кездесу өтті.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірдегі балық өсіру шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесу өтті.
Шараға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Арал–Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев, жергілікті атқарушы және салық органдарының өкілдері, қаржы институттары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандары қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлер аймақтағы балық шаруашылығы саласын дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, субсидиялау талаптарын жеңілдету, көл маңындағы жер учаскелерін кәсіпкерлік мақсатта пайдалану құқығын рәсімдеу және инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту қажеттілігі айтылды.
Кәсіпкерлердің басым бөлігі көлді пайдалану құқығы берілгенімен, оған іргелес жер телімін рәсімдеудегі қиындықтар балық өсіру ісіне айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, инфрақұрылымның әлсіздігі – электр желісі мен жолдың жоқтығы, немесе ұзақ күтілуі – саланың дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі екені атады.
Кездесу аясында қаржы ұйымдарының өкілдері балық шаруашылығы жобаларын қаржыландыру шарттары, кепіл мәселелері және несиені өтеу мерзімдері бойынша ақпарат берді.
Өз сөзінде Пірмұхаммед Сыздық кәсіпкерлер көтерген ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу үшін Палата тарапынан жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетінін, кәсіпкерлерге тиісті құжаттар мен өтінімдерді рәсімдеуде жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.