Ауыл шаруашылығы алқаптарын су тапшылығынан сақтау және қашыртқы каналдардан су көтеру жұмыстарын үйлестіру мақсатында Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиында егін алқаптарын уақытылы және жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз ету, туындаған қиындықтарды дер кезінде шешу, шаруалардың өнімін сақтап қалу жолдары талқыланды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен 8 облыстан 35 маман мен 11 дана су көтеру насос қондырғылары жолданғаны айтылды. Мамандар мен техникалар қашыртқы суларды тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жүргізетін болады.
Аудан басшысы жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне техниканы тиімді пайдалану, суды әділ бөлу, кезек жүйесін сақтау және әрбір шаруаның мүддесін ескеруді тапсырды.