Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және облыстық мәслихат депутаттары Ж.Ысқақ, А.Абибуллаева, Г.Мұсаева, Е.Искендер мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес, Қызылорда облысында орналасқан лагерлердің жұмыс жағдайымен танысу мақсатында Шиелі ауданында болды.
Облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Б.Есенбаев, аудан әкімі А.Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев және аудандық мәслихат депутаты Б.Сыздықпен бірге алдымен аудандағы «Сыр ұланы» тынығу лагеріне барып, жаз мезгілінде балалардың демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыс барысы және материалдық-техникалық базасымен танысты.
1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан лагер бүгінде 7 ауысымда 700 оқушыны қабылдай алады. Әр ауысымда 100 бала демалады. Мұнда оқушылардың қауіпсіздігі, сапалы тамақтануы, санитарлық талаптардың сақталуы және тәрбие жұмыстары басты назарда.
Лагер аумағында жазғы ойын алаңдары, спорттық жаттығу аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ шығармашылық үйірмелер мен мәдени іс-шаралар арқылы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған.
Жыл сайын жазғы маусымда балалар осы жерде демалып, түрлі бағыттағы танымдық және тәрбиелік шараларға қатысады. Балалардың жазғы демалысы – олардың тұлғалық дамуы мен денсаулығы үшін маңызды кезең. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар мәслихат депутаттарының назарында.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы лагердің жалпы жағдайымен танысып, балалардың қауіпсіздігі, тамақтану сапасы, медициналық қызметтің жай-күйі сынды мәселелер төңірегінде тиісті мамандармен ой-пікір алмасты.
Жұмыс сапары алдағы уақытта өзге аудандардағы тынығу лагерлерінде жалғасатын болады.