ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапарында «Руханият» орталығында жеке қабылдау өткізді.
Жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауға келушілер инфрақұрылымды жетілдіру, құрылыс, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және «Ауыл аманаты» жобасына өзгерістер енгізу бойынша мәселелерді көтерді.
Мәселен, білім саласының ардагері Ұ.Жаналиева «Жайлы мектеп» салу мәселесі бойынша сұрақ қойды.
«Мен білім саласының ардагерімін. Өздеріңізге белгілі, Президенттің бастамасымен өңірлерде «Жайлы мектептер» салынуда. Алайда, Тереңөзек кенті орталығына салынуы керек «Жайлы мектеп» қаржыландырылмай қалды. Кент орталығына мектеп қажеттілігі күн санап артуда. Осыған байланысты жайлы мектепке теңестірілген типтік жобадағы мектеп салып беруге ықпал етсеңіздер» деді ардагер.
Өз кезегінде кент тұрғыны С.Тобағұлов апатты үйлер мәселесін шешу мәселесін айтты.
«Мемлекет басшысының қолдауымен жалпы аудандарда тұрғын үйлер көптеп салынуда. Осыған байланыста атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғыс білдіреміз. Алайда аудандағы апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі өзекті болып отыр. Апатты жағдайдағы үй иелеріне үй салып беру үшін мемлекеттік бағдарлама қарастырылмаған. Осы мәселеге Сізден республикадан қаржы бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын» деді ол.
Сонымен қатар С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Б.Рахметов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында асыл тұқымды малын сатып алу талабын алып тастау бойынша ұсынысын жеткізді.
«Ауыл тұрғындарына үй жағдайында асыл тұқымды малды алып асырауға мүмкіндік болмауда. Яғни бұл уақытқа дейін тек асыл тұқымды мал басына ғана берілуде. Тұрғындардың сұрауы осы бағдарлама аясында несиені жалпы мал басына берсе деген өтінішіміз бар» деді кәсіпкер.
Ал Қалжан ахун ауылының тұрғыны Б.Зинабдинов Қалжан ахун ауылының электр желілерін жаңарту жобасы 2024 жылы басталып бүгінгі күні аяқталмай тоқтап тұрғанын айтты.
Әр мәселенің түйінін тарқатып, шешу жолдарын қарастырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов ұсыныстар бойынша жауап беріп, түсіндірме жұмысын жүргізіп, жеке қабылдауда көтерілген мәселелерді жеке бақылауға алып, жұмыс жасайтынын айтты.