ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбеновтің Сырдария ауданына жасаған сапары тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонда жалғасты. Мұнда мәжілісмендер «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойынан көлемі 4 гектар жерге салынған полигон құрылысымен танысты.

– Бұл полигонның аудан тұрғындары үшін маңызы зор. Полигон құрылысына облыстық бюджеттен 475,5 млн теңге бөлінген. Полигонда тұрмыстық қалдықтарды сұрыпталады. Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқарған. Айта кету керек, полигон шаруашылық және өндірістік аймақтардан тұрады. Өндірістік аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы алаң, сүзгіш құдығы орналасқан. Мұнда жылына 3500 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталмақ, – деп ақпарат берді аудан әкімі.
Мәжіліс депутаттары тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру үшін тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның жұмысын жүйелі ұйымдастыру қажеттігін айтты.
– Біз ең алдымен халыққа берген сайлауалды уәдемізді орындауымыз керек. Жол картаға түскен әрбір іс-шараның уақытылы, сапалы жүзеге асуы қатаң бақылауда. Біз келіп отырған бүгінгі нысан да біздің халыққа берген уәделеріміздің нақты іске асуының нәтижесі, – деді Мұрат Әбенов.
Ал М.Жайымбетов партияға, билікке сенім артып өтінішпен келген азаматтардың мәселесін мүмкіндігінше шешуге жұмыс жасау қажет екенін айтты.
– Әрине, көп мәселелер қаржыға және уақытты талап етеді. Келген азаматқа мұны түсіндіріп, заңнамалық тұрғыда кеңес беру керек. Әрбір нысаналы топқа бағытталған партиялық жобаларымыздың өз мақсатына сай жүзеге асуын қамтамасыз етуіміз қажет. Жасалған жұмыстар халыққа кеңінен насихатталуы керек, – деді Мархаббат Жайымбетов.

БӨЛІСУ