Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған мобильді топ «Саяхат» тұрғын ауданында кезекті рейд жасады. Онда тұрғын үй құрылысы үшін жекеменшікке табысталған жер телімдерін нысаналы мақсатқа сай игермей, санитарлық норманы бұзып, қоршаған ортаға зиян келтірген 13 жер учаскесі анықталды.
Аталған жер учаскелерінде пайда болған ірілі-ұсақты көлшіктер көмілмей жатыр. Ол ойын баласының өміріне зиян келтіруі мүмкін. Ал, бейберекет шашылған қоқыстар болса, табиғатқа едәуір залалын тигізуде. Бұл қаланы абаттандыру талабын түпкілікті бұзып отыр.
Осыған орай, мобильді топ меншік иелеріне әкімшілік шара көріп, тиісті жұмыстар жүргізуде. Егер меншік иесі аталған талапты орындамаған жағдайда сот арқылы жер телімі мемлекет есебіне қайтарылады.
Қала аумағындағы басқа да тұрғын аудандарда да дәл осындай заңға қайшы жағдайлар анықталуда. Олардың меншік иелеріне де нақты шешімдер қабылданатын болады.