Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев 28 маусым – Журналистер күні мерекесі қарсаңында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ардагер-журналист, Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетовтің шаңырағына барып, мерекесімен құттықтады. Абыз ақсақалға аудан әкімінің мерекелік Құттықтауын табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Саналы ғұмырын білім және журналистика саласына арнаған қарт қазына бүгінде 97 жасқа аяқ басты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты саралап, жаңалықтарға құлақ түре жүретін ел жақсы біледі.

Қарт журналист мерейлі мерекемен құттықтай келген аудан әкімі А.Оңғарбаев бастаған азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізіп, батасын берді.

Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ардагер журналист, Қазақстанның құрметті журналисті, Арал ауданының құрметті азаматы Жаңабай Кемалдың шаңырағында болды.

Аудан әкімі ардагер журналисті мерекесімен құттықтап, аудан әкімінің мерекелік Құттықтауын табыс етіп, інілік ізетпен сый-құрмет жасады.

Ұзақ жыл баспасөз саласында еңбек етіп, журналистиканың кәсіби шеберіне айналған қарт қаламгер бүгінде ел өміріндегі жаңалықтардан құлағдар болып, ізбасар кейінгі буынға тілеулестік білдіріп отырады.

БӨЛІСУ