Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмыстар жөніндегі есепті кездесуі Жаңадария ауылынан басталып, Аламесек, Еңбек, Аққұм ауылдық округтерінде жалғасты.

Кездесулер барысында аудан әкімі жалпы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларды атап өтті.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алда атқарылар шаруаларды бірлесе талқылады.

 Жиын соңында тұрғындар ауылдық округтер бойынша жүзеге асқан нақты істерге оң бағасын берді.

 Айта кетейік, биыл Жаңадария елді мекенінің 4 көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда Мектеп пен Достық көшелеріне тас төсеу, жолды тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес көше жөндеу құрылысы кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

 Есет батыр ауылындағы тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында электр желілерінің құрылысы жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жалпы құны 545,8 млн теңгеге 5 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды.

 Бүгінгі таңда ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту жұмыстары қолға алынды.

 Еңбек ауылдық округінде бірқатар абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, көркейту-көгалдандыру, жасыл желекті қоршау және мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау камералары орнатылды.

Аудандық бюджет есебінен Дәуітбаев, Абай, М.Байділдаев көшелерін орташа жөндеуге қаржы қарастырылды.

 Биыл елді мекеннің электр желілерін жаңарту және кеңейту жұмыстары басталады.

 Аққұм ауылында 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, К.Бекенов көшесі толық жарықтандырылды.

 Ауылда өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауыл ішіндегі түнгі жарық шамдары заманауи LED технологиясымен алмастырылып, бейнебақылау камералары қайта қалпына келтірілді. Бұл – ауыл қауіпсіздігі мен келбетін жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі.

 Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы арқылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің Аққұм ауылы тұсындағы 1,6 шақырымдық бөлігі жарықтандырылып, жақын күндері іске қосылады.

БӨЛІСУ