Облыс прокурорының іс – шаралар жоспарына сәйкес аймағымызда “Заң және тәртіп” апталығы басталды.
Апталық аясында мобильді топ құрылып, Қожакент ауылдық округінің тұрғындарына жеке қабылдау жүргізіліп, өтініш – шағымдары тыңдалды.
Осыған орай бүгін Жаңақорған аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен Жаңақорған кенті, “Руханият” орталығы ғимаратының алдында «Тәртіп батырлары күні» тақырыбында азаматтар үшін ашық есік күні өткізілді.
Ауцияның басты мақсаты – тұрғындармен кері байланысты нығайту, азаматтардың өтініштерін қабылдап, олардың өзекті мәселелерін уәкілетті органдардың қатысуымен шешу болды.
Ашық есік күніне аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, жергілікті атқарушы орган басшылары және білім, денсаулық саласының өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар кәсіпкерлік, жұмысқа орналасу, құқықтық көмек тағы да басқа сұрақтарын қойып, нақты түсініктемелер алды. Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, жауапты органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданды.
Ел Президенті: “Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.
Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.
Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.
Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс,-“ деген болатын.
Жеке қабылдауға келген әрбір қатысушыға мемлекеттік органдар тарапынан құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заң аясында кеңестер берілді.