Елімізде “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жарияланып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, техникалық және өндірістік сала мамандықтарының маңызын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бастама – ел экономикасының нақты секторында еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалауға, жастарды жұмысшы мамандықтарын меңгеруге ынталандыруға бағытталған маңызды қадам.
Осыған орай, Шиелі ауданында табысты жүзеге асып жатқан өндірістік жобалар үлгі ретінде кеңінен насихатталуда. Солардың бірі – 2024 жылы іске қосылған құс еті өндіру кәсіпорны. Аталған жобаның басшысы – Құрманбаева Гүлзада Ақназаровна, өз кәсібін жергілікті жерде дөңгелетіп, ауыл шаруашылығының ет бағытын дамытуға үлес қосып келеді.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – айына 9 тонна құс еті, бұл шамамен 4500 дана құс өсіруге мүмкіндік береді. Өнім толықтай ішкі нарыққа бағытталған, яғни тұрғындарды сапалы, жергілікті өніммен қамтамасыз ету – жобаның негізгі мақсаты. Кәсіпорын қазіргі таңда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі жұмыссыздықтың азаюына оң әсер етуде.
Бұл жоба жұмысшы мамандықтарының тек қарапайым еңбек ғана емес, ел экономикасын алға сүйреуші күш екенін көрсетіп отыр. Құс өсіру – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін сала. Мұнда әрбір еңбеккердің үлесі маңызды. Осы кәсіпорын үлгісінде біз жастарға еңбек ету, кәсіп ашу, өндірістік бағытта жұмыс істеудің нақты мүмкіндіктері бар екенін жеткізгіміз келеді.