Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекелеріне орай салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі халыққа қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен ел тыныштығын сақтап жүрген тәртіп сақшыларының еңбектеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет бұл – жоғары лауазымға ие болу емес. Мәселе – мансап емес. Мәселе – мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу антқа адал болу деген сөз» деп атап өтті. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Президент қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Ауданда мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жасап, халыққа қызмет көрсетуде. Біз үшін елге қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, үлкен абырой.
Сонымен бірге, бүгін – ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсететін күн. Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен сала жұмысын дамытуға нақты жұмыстар атқарылып жатыр. 2022-2024 жылдар аралығында полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қылмысты уақытылы ашу және жедел әрекет ету үшін бейнебақылау камералары желісін көбейтуге мүмкіндік жасалды. Облыс бойынша 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшегіш камерасы орнатылды. Республикада алғашқы болып барлық ауданда полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары іске қосылды. Бұл орталықтар ұсақ құқық бұзушылықтан бастап ауыр қылмыстардың ізін анықтауға және сақшылардың жұмысын оңтайлы етуге жол ашты. Соңғы 3 жылда облыс бойынша жаңа үлгідегі 128 автокөлік табысталды. Ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жылдың басында Жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Аудан орталығына 72 бейнебақылау және 7 жылдамдық өлшегіш камерасы орнатылды. Осындай қолдаудың нәтижесінде тәртіп сақшылары тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қызмет жасап, аянбай еңбек етіп келеді. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кәсіби мерекеде ауданның дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметішлер мен қоғамдық тыныштықты сақтап жүрген тәртіп сақшылары облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және «Қызмет» мемлекеттік және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама ұсынылды.

БӨЛІСУ