ӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛАДЫ

Қазақ халқының сонау ерте заманнан келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен бар болмысы өнерімен байланысты. Сондықтан өнердің қай түрі болмасын, ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз, таусылмас қазынамыз екені даусыз. Халқымыз ұлт болып қалыптасуынан бері қазақ өнері тек қана алға жылжып, дамып келеді. Данышпан Абай атамыздың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде бесік жырымен әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде жоқтау айтып шығарып саламыз. Қазақ өнерін бағалап, оның дамып өркендеуіне атсалыспасақ, қазақтың әндерін, күйлерін жоғалтып алсақ, ол бізге ғана емес, бүкіл халқымызға үлкен сын. Ежелден бабаларымыз өнер-білімді өрістетіп, құндылығын өскелең ұрпаққа, яғни бізге дейін жеткізіп келді. Соның арқасында салт-дәстүріміз ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Бүгінгі таңда салт дәстүріміз бен өнеріміздің, білімнің біз үшін орны ерекше. «Ел іші – өнер кеніші» деп дана халқымыз айтқандай, әнші, күйші, айтыскер ақын, кино саласының майталмандары шыққан киелі Сыр топырағы өнерге бай.
Жыл сайын қалаға жақын орналасқан кент және ауылдық округтер арасында өткізілетін дәстүрлі «Ел іші – өнер кеніші» байқауы биыл қала әкімдігінің қолдауымен облыстық деңгейде ұйымдастырылып, барлық ауданның көркемөнерпаздары өнер жәрмеңкесін қыздыратын болады.

Ұлы мәртебелі өнер туын биіктен желбірету, халық арасынан жаңа таланттарды табу, аймақтағы мәдениет үйлерінің әріптестік байланысын нығайту мақсатындағы бұл байқау 23 маусымнан бастап Қызылорда аспанын ән мен жырға, күмбірлеген күйге бөлемек.

Баршаңызды Орталық алаң жанындағы Өнер арбатында өтетін сан қырлы таланттардың тартысты өнер бәсекесін тамашалауға шақырамыз!

 Облыстық байқау шымылдығын дүйсенбіде  жаңақорғандық өнерпаздар ашса, сейсенбіде жалағаштықтар Сыр аспанын әнмен әуелетпек.

БӨЛІСУ