Нәтиже мен тиімділік: Қазақстанда басым спорт түрлері анықталды
Елімізде басым спорт түрлерін айқындаудың жаңа тәсілі бекітілді. 2025 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда еліміз үшін басым спорт түрлерін анықтаудың жаңа тәсілі көзделген. Бұл құжат Мемлекет басшысы бастамашы болған спорт саласындағы ауқымды реформаның бір бөлігі саналады.
Бұған дейін басым спорт түрлерінің тізімі көбіне субъективті бағалауға немесе жекелеген спорт түрлерінің танымалдығына негізделіп жасалатын. Енді іріктеудің басты өлшемі ретінде ұлттық құрамалардың Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарындағы нәтижелері есепке алынады.
Қазіргі таңда Туризм және спорт министрлігі 60-тан астам басым спорт түрін айқындады. Оның шамамен 30-ға жуығы еліміздің барлық өңірінде дамытылады. Заңда сонымен қатар өңірлік деңгейде басым спорт түрлерін бекіту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте өңірдің спорттық дәстүрлері, инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуеті ескеріледі. Мұндай икемді модель ресурстарды тиімді бөлуге әрі спортты елдің барлық өңірінде дамытуға жол ашады.
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымының енгізілуі. Жаңа ереже бірінші топ мүгедектігі бар спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде ресми сүйемелдеу қызметін пайдалануға мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 700 мыңға жуық адам тұрады, оның ішінде 98 мыңнан астамы – балалар. Сүйемелдеушіге ресми мәртебе беру – отандық спортшыларды заңнамалық тұрғыда қолдау, олардың инфрақұрылымға қолжетімділігін жеңілдету және инклюзивті спортты дамыту бағытындағы маңызды қадам саналады.
Бүгінде Қызылорда облысында бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 39%-ды құрады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша аймақта тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар үлесін 40%-ға немесе 331 882 адамға жеткізу жоспарланған.
Спорт мектебінде мүгедектер спорты бөлімшесі жұмыс істейді. Оларға жеңіл атлетика, волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, таеквондо, дзюдомен шұғылдануға жағдай жасалған. Осыған орай, Қызылорда қаласы мен аудандарда аталған тұлғаларды тарту бойынша жұмыстар қолға алынған, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар арасында спорт түрлері бойынша штаттық негізде 25 жаттықтырушы қызмет атқарады.