БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 17 маусымы күні білім беру ұйымдарында балалардың құқық бұзушылығының алдын алу, судағы, өрт және жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кеңейтілген жиналыс өткізілді.

Жиынға мектеп директорлары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, ата-аналар комитеті мен сынып жетекшілері қатысты. Жиналыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері мен оларды болдырмаудың жолдары талқыланса, онда Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкері Д.Полатов хабарлама жасады.
Д.Полатов ата-аналар мен ұстаздарды жазғы кезеңде балалардың мінез-құлқына, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруына ерекше мән беруге шақырса, 18 маусым күні аттестат тапсырылған күні түлектердің жеңіл көліктермен кортеж ұйымдастырылуына тыйым салынғанын, сол себепті жол жүру ережелерін бұзуына жол бермеуді, кафе, мейрамханаларда үлкен банкеттер жасамай, жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдердің қылмыс пен құқық бұзушылығының алдын алу, қадағалау, мектеп бітіру мен аттестат алғаннан кейін қоғамдық орындарда жаппай мерекелеу ұйымдастыруға тыйым салынғандығын айтып өтті.
Сонымен қатар, Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы капитан Н.Мұсахан су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына тоқталып, шомылу кезінде болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу шараларын түсіндірді. Өрт қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулықтар да айтылып, өрт шыққан жағдайда дұрыс әрекет ету тәсілдері кеңінен түсіндірілді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол жүрісі ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілердің міндеттері және ата-аналардың үлгі көрсету рөлі туралы да сөз қозғалды. Жиын соңында ата-аналар мен ұстаздар тарапынан ұсыныстар айтылып, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жиналыстың басты мақсаты — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқық бұзушылыққа бармауына ықпал ету.

БӨЛІСУ