2025–2026 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық жоспары және облыстық денсаулық сақтау басқармасының ротациялық тәртібі негізінде, Қармақшы аудандық орталық ауруханасына облыстық перинаталдық орталықтың бір топ білікті мамандары жұмыс сапарымен барды.
Іссапар барысында жоғары санатты акушер-гинеколог, аудан кураторы Жұмабекова Орынкүл бастаған тәжірибелі мамандар — анестезиолог-реаниматолог Өмірзақ Елдос Есенгелдіұлы, неонатолог Аққайырова Меруерт Қуанышбекқызы және акушер Ибраева Қарлығаш Зілқараевна жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасып, кәсіби әдістемелік қолдау көрсетті.
Сапар аясында мамандар семинарлар өткізіп, практикалық машықтар бойынша оқыту сабақтарын ұйымдастырды. Бұл шаралар аудандық медициналық қызмет сапасын жақсартуға және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 241 босандыру ұйымы, оның ішінде 144 аудандық орталық аурухана, 58 перзентхана, 37 перинаталдық орталық, 2 республикалық клиника жұмыс істейді.
Амбулаториялық деңгейде 810 әйелдер консультациясы акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетеді, сондай-ақ 1 282 дәрігерлік амбулатория мен 790 фельдшерлік-акушерлік пункт өз функцияларын орындайды.
Медициналық ұйымдарда ел бойынша барлығы 7 415 акушер, оның ішінде қалада 64% (4 708) және ауылдық жерлерде 36% (2 707) жұмыс істейді. Фельдшерлік-акушерлік пункттерде 600-ден астам акушер жұмыс істейді.
Перзентханаларда 3 740 акушер жұмыс істейді, олар жыл сайын 400 мыңнан астам босануды қабылдайды, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде 3 675 акушер жұмыс істейді.
Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары туу көрсеткішінің өсуі байқалады