КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Қызылордада күріш өсіруде экологиялық және ресурс үнемдейтін технологияларға арналған семинар өтті.
Бүгін Қызылорда қаласындағы Nomad Palace қонақ үйінде «Күріш өсірудегі экологиялық және ресурс үнемдейтін технологиялар» тақырыбындағы семинар-тренинг өтті. Іс-шараға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, фермерлер, зерттеу ұйымдары мен халықаралық жобалар өкілдері қатысты.
Қызылорда облысында күн энергиясын пайдалану арқылы егін шаруашылығында су үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру тәжірибесі қазіргі таңда аса маңызды. Бұл бастама өңірде судың азаюы мен топырақтың тозуына қарсы шешім ретінде қарастырылуы да заңдылық.
Семинардың негізгі тренері – «Provitaz LLC» компаниясының негізін қалаушы, күн энергетикасы жөніндегі халықаралық сарапшы Кнут Ерланд Росвольд қатысушыларға күн энергиясы жүйесінің құрылымы, жұмыс принципі және ауыл шаруашылығында қолдану ерекшеліктері туралы жан-жақты мәлімет берді.
Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамының (GIZ) «Арал өңірінің экологиялық бағдарланған өңірлік дамуы» жобасы аясында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына сыйға тартқан суды жер асты көздерінен тартуға арналған күн сәулесі энергиясын пайдаланатын жүйенің орнатылу сәтіне куә болды. Мұның дұрыс жұмыс істеу параметрлерін Кнут Ерланд өзі тексеріп іске қосты. Бұл қуат көзіне жалғанған қондырғыларды қашықтықтан вай-фай желісін орнату арқылы басқарып отыруға болады.
Сонымен қатар іс шара аясында қатысушылар жергілікті ғалымдардың жобаларға бағытталған қаржыландыру аясында жүзеге асырылған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қарасты сынақ учаскесінде орнатылған күн энергиясы арқылы суару және суды жылытуға арналған станса қуат көзінің жұмысымен танысты.
Семинар орыс және ағылшын тілдерінде (аудармамен) өтті. Күні бойы қатысушылар күн панельдерін ауыл шаруашылығында пайдаланудың нақты мысалдарын көріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Семинар күріш өсіру саласында инновациялық және тұрақты технологияларды енгізуге бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды.

БӨЛІСУ