Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қалжан ауылында орналасқан жылыжай жұмысымен танысты.
Жылыжаймен танысу барысында аудан басшысы кәсіпкермен пікірлесіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдалануды атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы елімізде кәсіпкерлік саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетуде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Президент тапсырмасының Сыр елінде орындалуына ауқымды міндеттер жүктеді. Сондықтан кәсіп ашып, оны кеңейтетін адамдарға әркез қолдау көрсетеміз, – деді Берік Әбдіғаппарлы.
Нысанның жұмыс барысы туралы «Береке» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі Серік Әбжалиев ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кәсіпкер 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 8,6 млн. теңге, 2024 жылы «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы тамақ өнеркәсібін дамыту жобасы бойынша 35 млн. теңге төмендетілген несие алып, жылыжай жұмысын жандандырған. Мұнда қияр және қызанақ өсірілуде. Қазіргі таңда сұраныс мол екенін жеткізді.
Соңғы жылдары елімізде жылыжай шаруашылығы қалыпты дамып, өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатты ден қойып, қауырт қолға алып жатқан тың сала ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және импорттық өнімдердің үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес жылыжай көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 232,3 гектарға қысқарып, 1,2 мың гектарды, жылыжайда өсірілген қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаны құрады. Жылыжай аумағының қысқаруы өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына жəне бизнестің төмен рентабельділігіне байланысты орын алып отыр.
Жылыжай шаруашылықтарының негізгі мақсаты тұрғындарды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, сауда орындарын тасқын судай басып жатқан көкөніс өнімдерінің импортын азайту, сөйтіп, бағаның тым шарықтап өсуіне жол бермеу екендігі белгілі. Соның нәтижесінде соңғы жылдары белгілі бір дәрежеде қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, пияз сияқты ас-тағам мәзіріне күнделікті қажет болатын өнімдер бағасының тұрақтануына қол жеткізілді.