Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде белгілі ғалым-ұстаз, қарымды қаламгер, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Иманбайұлы Қошқаровтың 80 жасқа толуына арналған Ғылыми Кеңес мәжілісі өтті.
Мәжілісте университеттің Басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Дана Абдрашева Серікбай Иманбайұлына университет ұжымы атынан құттықтау адресатын табыстап, профессордың білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Жиынға Ғылыми Кеңес және Басқарма мүшелері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, мерейтой иесінің ұстазы Алексей Рау, Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекциясының бас маманы Әмірхан Кеншімов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Меруерт Мұсабаева, зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары, профессордың шәкірттері, институт директорлары және кафедра меңгерушілері қатысты.
Серікбай Иманбайұлы 1959-1963 жылдары Қызылорда гидромелиоративтік техникумында білім алған. 1963 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына түсіп, оны «Гидромелиорация» мамандығы бойынша 1968 жылы бітірген.
1968-1969 жылдары Тасбөгет қыстағындағы 29-шы жылжымалы механикаландырылған  колоннасында күріш суармалы жүйесі құрылысында  мастер қызметін атқарған.
1970-1978 жылдар аралығында Қазақтың күріш жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер,  лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1972-1975 жылдар аралығында Мәскеу гидромелиорация институтының аспирантурасында оқыды,  1978 жылы «Күріш ауыспалы егісіндегі ылғал-тұз режимі» тақырыбында диссертациялық жұмысын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 1997 жылы Мәскеу мемлекеттік табиғатты үйлестіру университетінде «Сырдарияның төменгі ағысындағы суармалы алқаптардың экологиялық-мелиоративтік режимін реттеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

1978 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қызылорда  филиалына кафедра меңгерушісі қызметіне ауысты. Кейінірек қаланың екі жоғары оқу орындары бірігіп,  іргелі білім мен ғылым ордасына айналғаны белгілі. Сол уақыттан бері осы оқу орнында Серікбай Иманбайұлы факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, су шаруашылығы мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда су шаруашылығы білім беру бағдарламаларының профессоры қызметін атқарады.
Ғалымның 2 монографиясы, 3 оқу құралы, 2 әдістемелік нұсқаулығы және 150-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Оның ғылыми жетістіктері мен тәжірибесі еліміздің су шаруашылығы, экология және аграрлық ғылым саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Ерен еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі” төс белгісімен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл” мерейтойлық медалімен, “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” медалімен, “Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері” атағымен және Ахмет Байтұрсыновтың төсбелгісімен марапатталған.

БӨЛІСУ