Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасына енгізілген еңбек даулары туындауы мүмкін кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында бірлескен өзара іс-қимыл жоспары бекітіліп, арнайы жұмысшы тобы құрылған болатын.

Осыған орай бүгін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Жұмағұлов Жаңақорған ауданына іссапармен келіп, еңбек тәуекелі жоғары санатқа енгізілген кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық кірістер басқармасының, төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары және өзге де жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Басқосу барысында Департамент басшысы Б.Жұмағұлов 2024 жылы іске қосылған «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мақсат-міндеттерін жан-жақты түсіндірді. Ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасына сәйкес, еңбек дауларының алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті. Әсіресе жұмыс берушілердің міндетті төлемдерді уақытылы аударуын қамтамасыз ету, еңбек ұжымындағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, еңбек заңнамасын қатаң сақтау мәселелері баса айтылды.

Сонымен қатар, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасудың маңыздылығы, ұжымдық шарттар жасасудың тәртібі мен ерекшеліктері туралы кеңінен түсіндірме берілді.

Одан бөлек, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің тапсырмасына сәйкес, білім беру мекемелерінде де еңбек заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында оқу орындарының басшылары мен жауапты қызметкерлердің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді.

БӨЛІСУ