Сотталған азаматтармен “Барлығы өз қолыңда” атты арт-терапиялық тренинг өтті.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 37 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтармен “Барлығы өз қолыңда” тақырыбында мотивациялық тренинг ұйымдастырылды. Шараны психолог Гүлжайна Төлегенқызы жүргізді.
Тренинг барысында қатысушылардың өзін-өзі тануына, ішкі сезімін түсініп, жағымды болашаққа бағдар алуына бағытталған арт-терапиялық әдістер қолданылды. Атап айтқанда, әр қатысушы алдымен өз бейнесін, кейін өмірінде жіберген қателіктерін, соңында жеңіске жеткен сәтін бейнелейтін суреттер салды. Бұл жаттығу олардың ішкі жан дүниесін ашуға, өкініш пен үміттің арасындағы эмоционалдық күйін бейнелеуге мүмкіндік берді.
Психолог әр суретті жеке талдап, жазасын өтеушілердің ішкі жан дүниесіндегі өзгерістер мен көңіл күйін ашуға тырысты. Қатысушылар өз сезімдерін сөзбен де, суретпен де жеткізе отырып, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға, болашақта оң өзгерістерге ұмтылуға ниет білдірді.
– Әр адамның өмірі – өз қолында. Қателік – өткінші, ал оны түзеуге ұмтылу – ерлік. Тренингтің басты мақсаты – азаматтардың өз-өзіне деген сенімін арттырып, өмірлік мақсаттарын қайта қарауға жол ашу, – дейді психолог Гүлжайна Төлегенқызы.
Мекеме әкімшілігінің айтуынша, мұндай тренингтер жазасын өтеушілердің психологиялық тұрақтылығын нығайтуға, әлеуметтік бейімделу процесін жеңілдетуге оң әсерін тигізуде.