Қостанай облысының тұрғыны құтырма ауруынан көз жұмды. Үйіндегі мысығы тістеп алған, алайда ауруханаға барып, екпе алмаған.
Бұл біздің өңір үшін де алаңдатарлық жағдай, себебі Қызылорда облысы – құтырма ауруының табиғи ошағы болып есептеледі, сондықтан қауіпті жоққа шығаруға болмайды.
Жыл сайын табиғаттағы жануарлар өлекселерін зертханалық жолмен зерттегенде құтырма ауруына оң нәтижелер анықталып отырады. Ал адамдар арасында құтырма ауруына шалдығу жағдайы соңғы рет 2014 жылы тіркелген.
“Бүгінгі күні аймақта адамдар арасында аса қауіпті ауру анықталған жоқ. Бұл ретте жануардан жарақат алғаннан кейін жасалатын екпенің аурудың алдын алудағы маңызын айрықша атап өткіміз келеді. Екпеден бас тарту – өмірге қауіп төндіруі ықтимал екендігін естен шығармаңыз,- дейді Санитарлық эпидемиологиялық бақылау Департаментінің хабарламасында.