Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының ақ халатты абзал жандарына «Достық үйі» ғимаратында «Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» атты медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс – шарасы өтті.

Денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Халықпен біте қайнаскан қастерлі еңбек иесі – медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Бұл мереке дертке шипа, денеге саулық сыйлайтын осы бір ардақты мамандық иелерінің еңбектері еленетін күн.
Жалпы облыстық медициналық жедел жәрдем стансасында 962 қызметкер адал қызмет атқаруда. Дәрігерлер саны – 65, орта буын қызметкерлері – 560, 245 –көлік жүргізуші халық үшін күн – түн демей қызмет атқаруда.
Салтанатты шараға Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Майя Мейрамбайқызы, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Шамшиев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ысқақов Сәулебек Есқожаұлы қатысты.
Күн демей, түн демей атқарған қызметтерінің жемісі ретінде мереке қарсаңында денсаулық сақтау ісіне қосқан жеке үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін Денсаулық сақтау министрінің, ҚР жедел медициналық жәрдем қауымдастығы “Үздік қызметкер” төс белгісі, Қызылорда облыс,қала әкімдерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келген “Алғыс хат” салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар, жедел жәрдем стансасында адал қызмет атқарып, зейнетке шыққалы отырған ардагерлерімізді салтанатты түрде зейнеткерлікке шығарып салды. Сағындық Шамшиевтің 80 жас және Шуленбаев Абдулла Сыздықұлының 75 жас мерейтойларына арналған облыстық медициналық ұйымдарының қызметкерлері арасында 57 – ші спартакиадасы өткізілді.Спартакиадаға 27 команда қатысып, 8 спорттық жарыстан сайыс нәтижесімен облыстық жедел жәрдем стансасының қызметкерлері жүлделі II орынды иеленген қатысушыларды марапаттады.
Салтанатты шарада жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Төлеген Бауыржан Төлегенұлы: “Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал оның иесі болу – үлкен мәртебе. «Тәні саудың – жаны сау» деген халқымызда дана сөз бар. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып қала бермек. Келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің негізгі парызымыз болып табылады.
Сіздерге ажырлы қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға бақ-береке, еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер!”-деді, бас дәрігер.
Шара барысында қаламызға белгілі эстарда әншілері, мың бұралды бишілері өз өнерін көрсетіп, шарамыздың сәнін келтірді.

БӨЛІСУ