Жалағаш ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында маңызды қадам жасалды.
Жалағаш ауданы әкімдігімен Қазақстан футбол федерациясы әріптестік байланыс орнатып, екіжақты меморандумға қол қойылды.
Аталған құжат аясында Жалағаш кентіндегі орталық стадионның жасанды жасыл алаңы УЕФА-ның «Alan» жобасы негізінде қайта жаңғыртылмақ. Бюджетке салмақ салмай, сыртқы қаржы көздері есебінен жүзеге асатын жобаның жалпы құны – 180 млн теңге. Алаң төсеніштері Еуропадан арнайы жеткізіліп, жұмыстарды тәжірибелі мамандар атқарады. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Бүгінде ауданда 200-ге жуық жасөспірім футболмен тұрақты түрде айналысуда. Енді олар заманауи талаптарға сай жабдықталған жасыл алаңда жаттығып, кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік алады.