СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

Еліміздің болашағы жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 304млрд. 600 млн. теңгені құрап, 32 пайызға артты.
2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

2024 жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет, жеке инвестор есебінен жалпы құны 31 млрд. 800млн. теңгені құрайтын 13 білім беру ұйымы пайдалануға берілді.

Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық  6 мектеп ел игілігіне берілді. Тағы 4 мектеп биыл жаңа оқу жылында табысталады.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында соңғы үш жылда 4 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі ашылып, ел игілігіне қызмет етуде.

Сонымен қатар, Шиелі ауданында 200 орындық оқушылар сарайы мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Жақында облыс орталығында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыржұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады.
Бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын академияда спорттық сауықтыру бағытындағы залдар, ғылыми-техникалық бағыттағы модельдеу кабинеттері балаларымыздың игілігі үшін жұмыс жасауда.

Оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында соңғы 3 жылда 5 млрд. 300 млн. теңгеге 15 мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Президентіміз Қасым-ЖомартКемелұлының елімізде  1 300 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңіріміздегі 51 мектеп, оның ішінде, биыл 9 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Бұл мақсатқа бюджеттен 5 млрд. 100млн. теңге бөлінді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 439 млн. теңге қаржы қаралды.

Соңғы 3 жылда 2 млрд. 700 млн. теңгеге өңіріміздегі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Аталған жұмыстардың барлығы болашағымызға салынған үлкен инвестиция, балалар мен ұстаздарға жасалған ерекше қамқорлық.
Аймағымыздың білім саласындағы шоқтығы биік бастамаларымыздың бірегейі дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика бағытындағы облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының салтанатты ашылуының куәсі болдық.

Бұл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болған 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды.
Білім ордасы Президентіміздің тапсырмасына сәйкес елімізде заңсыз иемденілген активтерді қайтару қаржысы есебінен салынды. Жоба құны 8 млрд. 400млн. теңгені құрайды.

Мектеп-интернатта 7-11 сынып аралығындағы зияткер оқушылар білім алады. Үш қабатты оқу корпусы мен жатақханада балалар үшін барлық жағдайлар жасалған.

Жаңа лицей—интернатының ашылуы дарынды балаларды қамту үлесін 900-ден1 300—ге дейін ұлғайтуға, жыл сайын қабылданатын балалар санын 175-тен 250 балаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Білім ордасында оқуға еліміздің 17 аймағынан 1 445 оқушы өтініш білдіріп,білім бәйгесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 200 бала оқуға қабылдануда.

Жаңа нысандардың ашылуы – бұл жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде бәсеге қабілетті ұландарымызға жаңа мүмкіндіктер сыйлау.

БӨЛІСУ