Қала әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Онда 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар мен 2025 жылға жоспарланған жобалар, қалалық жастар ресурстық орталығының, Қарауылтөбе, Қызылөзек ауылдық округтері әкімдерінің ҮЕҰ-дармен бірлесіп атқарған жұмыстары қаралды.
Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы алатын орны ерекше. Сондықтан да бұл жаңа құрылымға қолдау көрсетіліп, әрі тең әріптестік тұрғыда мемлекеттік органдар мен тұрғындардың арасын жалғайтын көпір ретінде жұмыс атқарылуда.
Осы тұрғыда Қарауылтөбе ауылдық округінде әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын 3 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасауда. Олардың ішінде ардагерлердің бастауыш ұйымы, ауылдық Қоғамдық келісім кеңесі, мүмкіндігі шектеулі жандардың «қамқоршылық кеңес» қоғамдық ұйымы және кәсіпқой емес медиаторлар тобы бар.
Бүгінгі күні қоғам үшін ұлттық-патриоттық тәрбиенің орны бөлек. Әсіресе, жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, рухани жағынан байытып, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуде бастауыш ардагерлер ұйымының, қоғамдастық кеңестің маңызы зор. Округ бойынша 2819 тұрғын болса, оның 246-і зейнеткерлер, сонымен қатар, 2 тыл ардагері, 1 Ауған соғысына қатысушы, 1 семей ядролық полигонының ардагері және 50 батыр ана тіркелген.
Биыл Президентіміздің жарлығымен Ұлы Отан соғысының Жеңістің 80 жылдығы аясында тыл ардагерлері Аязбаев Жұртшыбай мен Әлімбаев Серәлі аталарымызға “Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 80 жыл” мерекелік медальдары табыс етілді. Ардагерлеріміз өз кезегінде жастарға ақ батасын беріп, отан сүйгіштік пен ұлттық патриотизмнің алғы шарттарын атап өтті.
Ауылдың бүкіл жағдайын жақсы білетін және халқымен жете таныс бастауыш ұйым төрағасы бүкіл атқарып отырған қоғамдық жұмысын ауылдың ақсақалдарымен қауымдаса отырып, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының артуына, жастардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына, халықтың тұрмыстық жағдайына, ардагерлердің әлеуметтік қорғалуына бағыттап отырады. Қоғамдық кеңестің 13 мүшесі, кеңес төрағасы және хатшысы бар. Өз қызметінжұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырып келе жатқан Қоғамық кеңеске Досмахан Аманкелді төрағалық етіп келеді.
2025 жылы жергілікті қоғамдастық кеңестің 4 рет отырысы, кеңес мүшелерінің қатысуымен 10 жиын өткізіліп округ көлемінде 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылды жоспарлау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, инфрақұрылымды дамыту және ауылды көркейту-абаттандыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.
Ал Қызылөзек ауылдық округінде 4 қоғамдық ұйым бар. Олар -Ардагерлер кеңесі, Жергілікті қоғамдастық кеңес, Қоғамдастық келісім кеңесі және кәсіпқой емес медиаторлар.
Бұл ұйымдар елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауда, қоғамдық жұмыстарға атсалысумен қатар, жас ұрпаққа ұлттық-патриоттық тәрбие беруде және көмекке мұқтаж азаматтарға қайырымдылық жасаудағы маңызы зор.
Сонымен қатар, ауылдың ынтымағын сақтауға, жастарды отан сүйгіштік қасиеттерге баулуға, ауылымыздың дамуына ықпал жасап жүрген Ардагерлер кеңесін айрықша атап өтуге болады.
Жергілікті қоғамдастық кеңес төрағасы – Алып Сейтжанұлы мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жиенбай Айдарәлі атқарылатын жұмыстарды ауылдың ақсақалдарымен ақылдаса отырып, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының артуына, жастардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына, халықтың тұрмыстық жағдайының жақсаруына, ардагерлердің әлеуметтік қорғалуына бағыттап отырады.
Кеңеске қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, алдағы міндеттерді талқылады.