“Жолың болсын, жас түлек!” атты аттестат тапсыру салтанаты – жүректі тербетіп, көзге жас үйірген әсерлі сәттердің бірі болды. Бұл күн әр түлек үшін де, ата-ана мен ұстаздар үшін де — ерекше толғаныс пен қуанышқа толы.
Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған сыныптары бар дарынды балаларға арналған мектеп биыл 271 түлегін үлкен өмірге қанат қақтырды. Олардың 24-і — «Алтын белгі» иегерлері, 33-і — «Үздік аттестатпен» марапатталды. Бұл — тынымсыз еңбектің, талмай ізденудің, биік мақсаттың жемісі.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы жас түлектерге, олардың ата-аналары мен ұстаздарына жүрекжарды тілегін арнап, түлектердің болашағына сенім білдірді. “Бүгін — қоштасу емес, жаңа сапардың бастамасы. Армандарға апарар жолдың сәтті болуына тілектеспіз!” – деді басқарма басшысы.
Түлектер үшін аттестат — жай ғана құжат емес. Бұл — балалық шақпен қоштасудың, үлкен өмірге деген алғашқы сенімді қадамның символы. Мектеп қабырғасында өткен әрбір сәт енді жүректе естелік, ал алда — жаңа белестер, тың мүмкіндіктер, үлкен арман тұр.
Құрметті жас түлектер!
Алдағы даңғыл жолда сәттілік серік болып, биік белестерге жетулеріңізге тілектеспіз!