Бүгін облыс көлемінде 11-сынып түлектеріне арналған аттестат тапсыру салтанатты іс-шарасы өтті. Бұл – түлектердің үлкен өмірге қадам басар алдындағы жауапты әрі есте қаларлық сәті. Биылғы шара дәстүрлі түрде мектеп қабырғасында немесе ауласында ұйымдастырылды.
2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 11-сыныпты жалпы саны 10 325 оқушы тәмамдап отыр. Оның ішінде 9 646 түлек – мемлекеттік мектептерде, ал 679 оқушы – жекеменшік мектептерде білім алды. Жетістіктерімен ерекшеленген 756 түлек – «Алтын белгі» иегері атанса, 1 028 оқушы – үздік аттестат иеленді. Сонымен қатар, 9-сыныпты 17 035 оқушы аяқтады, олардың 1 924-і үздік аттестатқа лайық деп танылды.
Мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруда қауіпсіздік пен тәртіп басты назарда. Оқушылардан, ата-аналар мен педагогтерден ақша жинауға жол берілмейді. Сонымен қатар, мектеп бітіру кештерін үй-жайда, мейрамханаларда немесе ойын-сауық орындарында өткізуге, кортежге шығуға, табиғат аясында суға түсуге тыйым салынатыны ескертіледі. Бұл ретте, тиісті органдармен бірлесіп оқушылардың қауіпсіздігі үшін арнайы шаралар қабылдануда.