Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді.
Бұл туралы бүгінгі брифингте Ұлттық статистика бюросы Қызылорда облысы бойынша департаменті Жалағаш ауданының статистика бөлімінің басшысы Азамат Елеусінов мәлімдеді.

“Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өтеді. Бұл елдің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу.
Санақ ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіледі, өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, ҚР Үкіметімен бекітілген. Іс-шара екі кезеңде өтеді: онлайн-сауалнама және үй шаруашылықтарын аралап өту.
Онлайн-кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді, онда респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады. Бұған дейін, 1-30 маусым аралығында респонденттердің тізімін нақтылау үшін өңіріміздің 3 қаласында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау (листинг) өтеді”, – деген Азамат Өмірзақұлы сауалнама өткізу үшін ауданға 12 интервьюер тартылатынын жеткізді.

Баспасөз конференциясы барысында алғашқы кезеңде өтетін сауалнамаға өсімдік, мал және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, ЖК, фермерлік қожалықтар қатысуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді аралау кезінде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін, бақшасы мен жер учаскесі бар, мал ұстайтын үй шаруашылықтары сұралатыны айтылды.
Айта кетейік, санақ ауданымыздың 6200 аса үй шаруашылығын және 1500 жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтуды жоспарлап отыр.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін кент және ауылдық округ әкімі аппараттарында, аудандық статистика бөлімінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады.

«Біз барлық азаматты санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және аймақтарды дамыту шешімдерінің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға көмектеседі», – деген А.Елеусінов кеңес алу үшін азаматтар sanaq.gov.kz сайтында sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгіне алатынын мәлімдеді.

БӨЛІСУ