Еңбек жанжалдарының алдын алу мәселесі талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасына енгізілген кәсіпорындар және ұйымдармен жұмыс жүргізу мәселесіне арналған кездесу өтті.

Жиын барысында 2025 жылғы 10 маусымдағы Үкімет отырысында қаралған еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік саланы цифрландыру шаралары негізге алынып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нақты міндеттер айқындалды.

«Қазіргі таңда еңбек даулары туындауы ықтимал кәсіпорындармен өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, облыс әкімінің бірінші орынбасарымен бекітілді. Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды», – деп атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің бас маманы Бағлан Жұманов, Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев, Жалағаш аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Асанәлі Арапбаев күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде хабарлама жасады.

Сонымен қатар, жиынның күн тәртібіне сәйкес еңбек қауіпсіздігін арттыру, тәуекелдерді басқару және жанжалдардың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар қаралды.

БӨЛІСУ