Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне орай мерекелік салтанатты жиын өтті.

 Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ халатты абзал жандарға табыс пен сәттілік тіледі.

 «Әлемде сан алуан мамандық бар. Алайда, солардың ішінде адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Медицина – бұл жай ғана мамандық емес, ол – адам өміріне деген шексіз жауапкершілік. Осы салада қызмет етіп жүрген сіздердің ерен еңбектеріңіз – ұлт саулығы мен болашағының кепілі. Білімі мен тәжірибесін, ерік-жігерін халықтың денсаулығын сақтауға арнап жүрген барлық медицина қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан және өз атымнан алғыс білдіремін! Дені сау ұрпақ – Әділетті Қазақстанның болашағы. Ұлт саулығын нығайтып, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – деді Ғани Сүлейменов.

 Мерекелік жиында бірқатар медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

 Салтанатты шара соңында аудандық аурухана қызметкерлері мен Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

 Айта кетейік, ауданда соңғы жылдары медициналық инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Өткен жылы Мырзабай ахун және Алемесек ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қаракеткен ауылындағы типтік жобадағы жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне ұсынылды. Бұл нысандар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беруде.
Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен, аудандық денсаулық сақтау саласы 11 жедел-жәрдем автокөлігімен толықты.

БӨЛІСУ