Бүгін Қ.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып жатқан жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.

Іс-шараға «TAUEKEL» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Даханов және салалық мамандар қатысып, тұрғындарға бағдарлама аясында ұсынылатын мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы толыққанды ақпарат берді.

Жиын барысында қатысушыларға жобаның мақсаттары мен шарттары таныстырылып, қатысушы азаматтарға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері, соның ішінде көшуге байланысты шығындарды өтеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жұмыспен қамту мәселелері түсіндірілді.

Сонымен қатар, кездесуде бұған дейін жобамен қоныс аударған азаматтардың оң тәжірибелері мысал ретінде келтіріліп, нақты нәтижелер бойынша түсіндірмелер берілді. Кездесу соңында тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

Айта кетейік, жобаның мазмұны бойынша толық ақпарат алғысы келетін тұрғындар «TAUEKEL» қоғамдық бірлестігіне немесе аудандық Мансап орталығына жүгіне алады.

БӨЛІСУ