Жаңа оқу жылында Қазақстанда 200-ден астам мектеп салынады.

 Білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.

2025–2026 оқу жылында 300 мыңнан астам оқушы орнына есептелген 200-ден астам жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 206 мың оқушы орнына арналған 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріледі. Жаңа мектептердің жартысына жуығы ауылдарда орналасады.

Бұл жобаларды жүзеге асыру қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, 15 апатты мектеп мәселесін шешуге, үш ауысымды оқытуды және 150 мыңға жуық оқушы орны тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

 Қосымша 1000 ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз жаңартылады, кітапханалар, асханалар мен қауіпсіздік жүйелері жабдықталады. Сонымен қатар химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынуда.

 Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1231 мектепті жаңғырту бағдарламасы басталады. Биыл 248 мектеп реновациядан өтеді. Бұл мектептерде шатырлар ауыстырылып, қасбеттер мен терезелер жаңартылады, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақ көгалдандырылып, абаттандырылады.

Бұл игілікті бастамадан аймақ басшысының қолдауымен Қызылорда өңірі де шет қалмай, биылғы оқу жылында 6 “Жайлы мектеп” өз жұмысын бастады. Жаңа оқу жылы қарсаңында тағы 4 “Жайлы мектептің” құрылысы аяқталып, оқушыларға есігін айқара ашпақ.

«Жайлы мектеп» моделі – орта білім беру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл жоба қала мен ауыл арасындағы білім беру деңгейіндегі алшақтықты азайтуға ықпал етумен қатар, бірыңғай стандарттарға негізделген оқу ортасын қалыптастыруды көздейді.

Жаңа мектептер заманауи техникамен жабдықталып, оқушылардың ХХІ ғасыр дағдыларын меңгеруіне толық мүмкіндік береді. Бұл – аналитикалық ойлау, IT-құзыреттер, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерді дамытатын білім кеңістігі. Теориялық білім мен практикалық дағдылардың үйлесімі арқылы оқушылар жан-жақты дамиды. Мұғалімдер интерактивті әдістер мен топтық жобалар негізінде оқытуды жетілдіреді.

Мектептің ішкі құрылымы да заман талабына сай: зертханалар, шеберханалар, STEM-сыныптар, коворкинг аймақтары мен демалыс бөлмелері – барлығы оқушылардың сапалы білім алуына және шығармашылығын дамытуға бағытталған.

 Еске сала кетейік, 2019 жылдан бастап Қазақстанда білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 1200 жаңа мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушы орны қамтамасыз етілді. Бұл шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін және үш ауысымды оқытуды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 3000 мектеп бір ауысыммен жұмыс істейді.

БӨЛІСУ