Қазалы ауданына Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Байхожаев Берікбол Ұзақұлы жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі адам құқықтарының сақталу деңгейін зерделеу, тұрғындармен кері байланыс орнату және құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Іссапар барысында өкіл алдымен Әйтеке би кентіндегі «Руханият орталығы» ғимаратында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев төрағалық етіп, арнайы жұмыс сапарымен келген өкілді таныстырып өтті. Мұнан соң Берікбол Ұзақұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз қозғап, кездесуден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындармен кездесуде азаматтық құқықтардың бұзылуы, әлеуметтік қолдау, еңбек қатынастары, тұрғын үймен қамту, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық сипаттағы басқа да сұрақтар қарастырылды. Бұдан бөлек тұрғындар жеке қабылдауда көтерген мәселелерге байланысты да тиісті құқықтық кеңестер беріліп, кейбірі бойынша нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
Сапар аясында Берікбол Байхожаев аудан ардагерлерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, отбасын қолдау орталығы және әлеуметтік сала қызметкерлерімен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында да жиын өткізді. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ауданға жасалған бұл жұмыс сапары азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың мәселелеріне назар аудару бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Мұндай кездесулер өңір тұрғындарына құқықтық қолжетімділікті арттырып, ашық әрі тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.