Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың бірі — қуаттылығы 28 МВт құрайтын француздық «Total Energies» компаниясының “Номад Солар” ЖШС-не тиесілі күн электр станциясы жұмыс жасауда.
Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының бастамасымен аталған күн электр станциясын Жалағаш ауданының салық базасына тіркеу процесі соңғы кезеңге жетті. Бұл бастама аудан бюджетінің кірісін арттырып, өңір экономикасына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, «Total Energies» компаниясының басқарушы директоры Тьерри Плезанмен өткен кездесуде өңіріміздегі жаңартылатын энергия көздерін дамыту перспективалары талқыланды. Кездесу Мемлекет басшысының «жасыл» энергетиканы қолдау саясаты аясында өтті.
«Жасыл экономика» жобасын жүзеге асыру өңірге шетел инвестициясын тартуға, жұмыс орындарын ашуға, электр қуатының тапшылығын ішінара жабуға, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан 2030 жылы электр қуатын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 10%-ға жеткізу бойынша өршіл мақсат қойды. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңартылатын энергия объектілерін салу бойынша ең тиімді жобаларды таңдау үшін аукциондар тетігі қолданылады. Еске сала кетейік, ЖЭК инвестициялық преференциялар берілетін басым қызмет түрлерінің тізіміне енгізілген. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы «жасыл» энергетикалық жобалардың инвесторларына оқу вебинарларын ұйымдастыру, инвестициялық келісімшарттар жасау және жобаларды сүйемелдеу арқылы аукциондарға қатысуға көмектеседі.
Аталған жоба — Қызылорда облысында экологиялық таза және тұрақты қуат көздерін дамытудың нақты үлгісі болып табылады.