СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫ – ҚЫПШАҚ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҚТАРЫНЫҢ АСТАНАСЫ

Сығанақ қаласының атауы Х ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшыларының (Мұхаммед Джувейни, Махмұд Қашқари, Фазлаллах ибн Рузбихан, Әбу Шама әл-Мақдиси) жазбаларында кездеседі.  Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала XI-XIII ғғ. ДЕШТІ-ҚЫПШАҚ елінің ХІІІ-XIY ғғ. Ақ Орданың, XY- XYІІ ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткізген қалаXYIII ғасырға дейін өмір сүргені мәлім.

​Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы  әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығандығын аңғартады.

​Сығанақ қаласы өз заманында мәдениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі рухани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі «Хұсрау мен  Шырын»  поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды.

Сондай-ақ, деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһарлары санатында аталатын дарынды ғұлама һисамиддин Сығнақидың осы қалада дүниеге келгендігі айтылады.

Парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбиханныңжазуына қарағанда қала XY-XYII ғғ. Қазақ хандығының  астанасы болған. Осы тарихшының өзі қалада жиі болып,  қаланың базарына Орта Азияның түкпір-түкпірінен сауда керуендерінің келетіндігін, Дешті-Қыпшақ қалаларында қайнаған сауда  базарының болатындығын жазады.  Бұл тарихи мәлімет қаланың Ұлы Жібек жолының төрт құбыласықиылысқан аса қолайлы жерде орналасқандығын көрсетеді.

​ХІХ-ХХ ғасырларда қала орнын алғаш П.И.Лерх, Е.А. Смирнов,  В.А. Каллаур, т.б. орыс ғалымдары зерттеді.  Өткен ғасырдың 70-жылдары К.Ақышев, К.Байпақов сынды отандық археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сығанақтың Дешті-Қыпшақ даласындағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала саналатындығы жөнінде ғылыми тұжырым  жасаған.

​2014 жылдан бастап Сығанақ қаласының тарихи орнында Қызылорда облысының әкімдігініңқолдауымен кешенді қазба жұмыстары жүргізілуде.

​Қалашықтың қорғау аймағы – 309,6 гектар, қорғалатын табиғат ландшафты аймағы – 739,6 гектарды құрайды.

​Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.

БӨЛІСУ