Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысын жалғастыруда.

Ақтөбе облысында Шалқар аудандық соты 2025 жылғы 23 сәуірде аудан әкімінің орынбасары Б.Зайрымбет пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Беркімбаевға қатысты үкім шығарды.

2024 жылғы 27 желтоқсанда олардың бірігіп, коммерциялық ұйым басшысынан 2,3 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды. Пара мемлекеттік сатып алу аясында орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою, төлем жүргізу және жалпы қамқорлық көрсету үшін берілген.

Сот аталған лауазымды тұлғаларды пара алғаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына мемлекеттік қызметте, судья және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

БӨЛІСУ