Қызылорда облысында мал бағуға шығып жоғалып кеткен ауыл тұрғыны аман – есен табылды.
Қызылорда облысы Шиелі ауданының 32 жастағы тұрғыны мал бағуға шығып, үйіне қайта оралмағаны жөнінде «102» арнасына хабарлама түскен.
Шиелі ауданы полиция бөлімінің жеке құрамы дереу іздестіру жұмыстарына кіріседі. Полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарынан арнайы топ құрылып, іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Ауданның барлық ауылдары, далалық жолдар түгел қамтылды.
Іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері жоғалған азаматты тау етегіндегі жайылымнан аман – есен тапты. Ол мал бағуға мотоциклімен шығып, жолда жанар – жағар майы таусылып, ұялы телефоны сөніп, адасып кеткен.
Іздестіру шараларына қатысқан барлық қызметкерлердің жедел әрі тиімді әрекеттері нәтижесінде жоғалған адам аман-есен табылып, отбасымен қауышты. Азаматтың жұбайы полиция қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.