Әнші Димаш Құдайберген “Ізгі ниет елшісі” атанды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев парақшасында жариялады.
“Қазір Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның аясында Съездің дінаралық диалогты дамытуға және бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетуге арналған идеяларын дәріптеу ісіне баса мән беріліп келеді.
Осы мақсатпен былтыр әлемнің әртүрлі мемлекеттеріндегі белгілі қоғам және дін қайраткерлері Съездің Ізгі ниет елшілері болып сайланған еді. Олардың қатарында талантымен дүние жүзіне танылған отандасымыз, әнші Димаш Құдайберген де бар. Осыған байланысты Димаш бауырымызбен арнайы кездесіп, оған Ізгі ниет елшісі белгісін ресми түрде табыс еттім.
Осы орайда Димаш қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеумен қатар өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға да үлкен үлес қосып келе жатқан дарын иесі екенін атап өткен жөн. Бұл маңызды миссия Съездің құндылықтарымен де үндесетіні белгілі.
Кездесу барысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жөніндегі бастамаларына назар аудардық. Съезге және Жас діни лидерлер форумына дайындық барысын да талқыладық.
Алдағы уақытта Димаш өнерімен және креативті жобаларымен бірлік пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге өз үлесін қоса береді деп сенемін,- дейді Мәулен Сағатханұлы.

БӨЛІСУ