Энергетика министрлігі  «Ашық НҚА» порталында 1 ақпанынан бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасын өсіру туралы бұйрық жобасын жариялады. Министрлік автогаздың қымбаттауы сұйытылған мұнай газын өндірушілер шығындарының өсуіне байланысты деп түсіндірді.
ЭМ мәліметінше, сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65 мыңнан 75 мың теңгеге дейін, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңге деңгейінде белгіленген.
«Осыған байланысты, өндіруші зауыттарда жыл сайынғы жоспарлы жөндеулерді жаңғырту және жүргізу үшін қаражат тапшылығы жинақталуда. Сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылғы 1,8 млн тоннадан 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейінгі өсуі жалғасып жатқанын айта кету керек. Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасында ең төмен бағалардың бірі болып қала береді» делінген министрлік түсіндірмесінде.

Көзделіп отырған өзгеріске сай, сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл ретте шекті бөлшек сауда бағасы өңірлерге байланысты 6 теңгеден 21 теңгеге дейін ұлғаяды. Литрге шаққанда сұйытылған газдың ең қымбат бағасы 102 теңгені құрайды. Ал ең төменгі баға 65 теңге. Аймақтар бойынша баға өзгерісін төмендегі кестеден көруге болады.

БӨЛІСУ