2024 жылы мемлекеттік органдарға 1 миллионнан астам азамат 3,9 млн. өтініш жолдады.

Олардың ішінде 34-39 жастағы өтініш берушілер аса белсенділік танытты.
Кедендік және салықтық әкімшілендіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жерді пайдалану мәселелері топ-3-ті құрады. Өтініштердің басым көпшілігі мегаполистердің тұрғындарынан түсті. Қаржы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, әділет министрліктеріне азаматтар көптеп жүгінді. Әкімдіктер арасында Астана, Алматы қалалары және Алматы облысы әкімдерінің аппараттары көш басында.
Өтініштерді қарау қорытындылары бойынша жауаптардың 47,5%-ы қанағаттандырылды. Азаматтардың мемлекеттік органдардың жауаптарына берген бағасы 3,6 балды құрады.

2024 жылы мемлекеттік органдардың басшылары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде азаматтарды қабылдады.
Өткен жылдың ішінде Министрліктер үйінің Азаматтарды қабылдау орталығында 9,6 мың адам болды, 3,1 мың адамды министрлер, вице-министрлер және агенттіктердің төрағалары тікелей өздері қабылдады.
Қазірде елімізде 131 азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс жасайды, оларда 430 мың адам болып, 55,7 мыңы жергілікті атқарушы органдар басшыларының жеке қабылдауларына қатысты.

Қазақстан Орта Азия елдері ішінде азаматтар мен мемлекеттің ашық коммуникация каналын қамтамасыз етуде көшбасшы болып отыр. 2024 жылы «e-Otinish» жүйесінің арқасында Қазақстан Электрондық Үкіметті дамыту индексінде 123 елдің ішінен 24 орынға көтерілді.
«e-Otinish» жүйесіне 25 мыңнан астам мемлекеттік орган мен ұйым қосылды. Халықтың сұранысына орай «e-Otinish» жүйесіне коммерция саласындағы 80 субъекті, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы, сақтандыру және коллекторлық ұйымдар, сондай-ақ кәсіпкерлер, адвокаттар палаталары, нотариаттық палата, заң консультанттарының алқасы және т.б. қосылды.

БӨЛІСУ