2024 жылғы 12 желтоқсанда Қызылорда қаласының Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қорытынды салтанатты іс-шарасы өтті.
Оған облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Уалихан Ибраев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері, облыстық қоғамдық даму басқармасы жанындағы орталықтардың қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» КММ серіктес мекемелерінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылы ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарған жұмыстары бейнеленген ролик көрсетілді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уалихан Ибраев алғы сөзінде облыстық Ассамблея жалпыұлттық бірлікті қалыптастыруда ерекше орын алғанын атап өтті.
– Өз тарихының 29 жылы ішінде Ассамблея конституциялық мәртебесі бар қоғамдық-саяси институтқа, мемлекеттің саяси жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Ол өзінің қажеттілігін тұрақты негізде растады. Өңірлік ассамблея жыл басынан бері облыс бойынша 370 іс-шара ұйымдастырды, онда 18 мыңнан астам онлайн-офлайн аудитория қамтылды. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері республика көлемінде үлкен жетістіктерге жетті. Отбасындағы әкелердің рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау мақсатында Ақсақалдар кеңесінің бірнеше отырыстары өтті. Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлармен кездесулер өтті. Сыр өңірінің Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы «Салауатты сана» жобасы жұмысына оң баға беріліп, кеңестің жұмысы тәжірибе алаңы ретінде республика көлемінде таратылатын болды. Ғылыми сарапшылық топтың қызметі нәтижесінде аймағымыздағы этносаралық ахуал ғылыми тұрғыда талданып, мемлекеттік этносаясаттың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізуде. Жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру мақсатында өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымы түрлі бағыттағы шаралар мен акцияларды ұйымдастырып келеді, – деп, маңызды дата Ассамблеяның 30 жылдығында өңірде жүзеге асырылатын жобаларға да тоқталды.
Шара аясында этносаралық достық қарым қатынасты нығайтуда сүбелі үлесін қосқан бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалін Фотиади Юрий Кузьмич, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Құрмет грамотасымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерманов Нұрмұрат Наятұлы, ҚР Оқу ағарту министрінің Алғыс хатымен облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы марапатталды.
Сондай-ақ, өңірдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтудағы елеулі еңбегі үшін облыстық ҚХА құрылымдарының белсенді мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты шара этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының және М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Нұргүл» би ансамблінің мерекелік концертімен жалғасты.