Қызылорда: Жыл басынан бері 289 азамат автокөлікті масаң күйінде тізгіндеген.
Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі көлікті мас күйінде жүргізу екендігі бәрімізге мәлім. Осы ретте, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын-алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Осындай рейдтерге күн-түн демей шыққан патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 289 жүргізушіні ұстаса, тек осы аптанын басынан 9 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Заң бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен тәртіп бұзған 289 азаматқа хаттама толтырылып, мас халде автокөлік басқарғаны үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген.
Көлік басқару құқығы жоқ көлік жүргізушісі, автокөлікке қайтадан масаң күйде отырып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 15 азамат Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалып, автокөліктері айып тұрағына қойылды.
Мас күйінде көлік құралын жүргізу өкінішті жағдайға әкелуі мүмкін екенін естен шығармағанымыз абзал.