Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.Шәрбиев алдымен салаға қатысты өзекті мәселесімен келген тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Қабылдауға экологтар, зейнеткер, тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қармақшы ауданының, Байқоңыр және Қызылорда қаласының тұрғындары келді.
Вице-министрге өздерінің сұрақтарымен келгендердің басым бөлігі тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, оларды кәдеге жарату, бөлек жинау, орман шаруашылығы, Арал теңізінің мәселесі, материалдық-техникалық базасына қатысты болды.
Н. Шарбиев қабылдауға келген азаматтардың барлығын тыңдап, көтерілген мәселелерді жергілікті сала басшылары тексеріп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді.
Жеке қабылдаудан соң вице-министр басқарма басшысы С.Сермағамбетовпен бірге аймақ халқымен кездесті.
Сол жағалау, Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуге жергілікті департамент, инспекция және орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары қатысты.
Басқарма басшысы С.Сермағамбетов кездесуге сәттілік тілеп, келушілерді шарада сұрақтар қойып, ұсыныс пікірлерін білдіру арқылы белсенділік танытуға шақырды.
Н. Шәрбиевпен кездесуде тұрғындар әлем елдерінің назарындағы алаңдаушылық туғызып отырған Арал теңізінің экологиялық мәселесін, мемлекет басшысының алдағы 5 жыл ішінде 1,1 млрд сексеуіл егу тапсырмасының орындалуын және тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді пайдалану секілді табиғи ресурстар саласына бағытталған бірқатар мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойды.
Вице-министр көтерілген мәселелердің өте өзекті, экология мәселесі тікелей мемлекет басшысының назарында екендігін және өзге сұрақтардың жергілікті атқарушы органдар мен министрліктің жіті бақылауында тұрғандығын жеткізді.