Ағымдағы жылы 30 қарашада Қызылорда облысына ҚР Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев жұмыс сапарымен келді.
Іссапар барысында министр аймақтағы бірқатар өнеркәсіп және құрылыс нысандарын аралап, кәсіпорын иелерімен кездесті.
Қанат Шарлапаев, алдымен, «Достық үйі» ғимаратында халықпен кездесу өткізіп, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Кездесуге өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын-үй шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану және басқа да салалардағы кәсіпорын және салалық басқармалардың өкілдері қатысты.
Министр кездесуден кейін жеке қабылдау өткізіп, азаматардың туындаған сұрақтарына жауап берді.
Одан соң Министр Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Сонымен қатар, елді мекендерді ауыз сумен қамту, ағын суларды тазарту, кәріз желісін салу, жылумен қамту барысы баяндалды.
Бұған қоса, іссапар аясында республика бойынша алғашқы болып 2022 жылы іске қосылған «Orda Glass Ltd» серіктестігінің табақша шыны өндіру зауыты жұмысымен танысты. Өңірдің өнеркәсіп саласының дамуына серпін берген шыны зауытына 42 млрд. теңге инвестиция тартылды. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 28 млн. шаршы метр шыны өндірді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузияға және Ресейге экспортқа жіберіледі. Қазіргі таңда зауытта 400-ге жуық қызметкер жұмыс жасауда.
Атап өту қажет, биылғы жылдың маусым айында шетелдік инвестор жеке қаражаты есебінен құны 6,7 млрд.теңге құрайтын энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасын іске қосты. Жаңа желі жылына 15 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіреді.
Әрі қарай Жалағаш ауданына жол жүріп, «Серпін» индустриялық аймағында орналасқан «Өркен Әлем» серіктестігінің жеке қорғаныс құралдарын және қорғаныш киімдерін өндіретін тігін зауытының жұмысымен танысты.
Аталған өндірісті дамыту үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілді.
Тігін цехы тігін тігу және өндірістің толық циклы үшін қажетті қондырғылармен жабдықталған: әртүрлі қорғаныс кластарындағы қорғаныс жилеттері, сынықтарға қарсы костюмдер, соның ішінде сапер костюмдері, әртүрлі типтегі және қорғаныс кластарындағы каскалар және басқа да өнімдер өндіреді.
Өнімдер республиканың күш құрылымдары үшін жеткізіледі.
Сондай-ақ, Жалағаш ауданындағы жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Руханият орталығы» ғимаратының құрылысымен танысты.
«Руханият» орталығында музей, кітапхана, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдары орналасады. Нысан 2025 жылы пайдалануға берілетін болады.